«Біздің № 1» — үздіктер марапатталды

Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.

Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас ұрпақтың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін арттырып, жастарды қоғамдық сананы жаңғырту үдерісіне тарту бағытында «Біздің №1» форумы өтті.
Шараға аудандық жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, волонтерлер, түрлі саладағы жас мамандар мен белсенді жастар қатысты.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп отырған шараның басты мақсаты – инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы жастар патриотизмін дамыту.
Форум барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Талғат Мұратов жылы лебізін білдіріп, жастардың бүгінгі күні қоғамда алатын орнына тоқталды.
-Жастар – қоғамның қозғаушы күші, үкілі үміті. Жастар болашақтың локомотиві.
Бүгінде Қазақстанда жастарды қолдау және ынталандыру бойынша бірқатар мемлекеттік жобалар іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, жастарды қолдау мақсатында ауданда бір қатар игі істер бастау алып, орындалуда. Менің ойымша, аудан экономикасын, мәдениетін, денсаулық сақтау саласын, ауылшаруашылығын және тағы да басқа салаларын дамытуда жастардың еңбегі зор. Форум жастардың ұлттық жаңғыру жолындағы ұлы мұраттарға жол бастауына ерекше серпін берсін деп тілеймін, – деді аудан әкімі.
Биыл форумға қатысушылар жеті номинация бойынша, сондай-ақ, «Аудан әкімінің премиясы» үшін бақ сынасты. Форум аясында гала-концерт ұйымдастырылып, арнайы шақырылған жас әншілер мен өнер тарландары жиналған көрерменді өз өнерлерімен сүйсіндірді.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай