Бірлік, тұрақтылық, келісімді ту еткен Бесқарағай ауылдық округінде есепте емес, ел есінде қалатын ауқымды істер атқарылып жатыр. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – тұрғындардың тұрмыс деңгейін, өмір сүру сапасын арттыру. Бұл ретте ауылдағы көшелер жарықтандырылып, жолдар асфальтталып, ауыз сумен қамту мәселесі шешім табуда. Жалпы, ауылдық округте 1469 аула, 4470 адам тұрады. 13 ұлттың өкілі бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл тұрғындарының саны 69 адамға артып, 101,6 пайызды құрады. Ауылдық округ қай салада болмасын жетістігімен көш бастап тұр.
АГРАРЛЫҚ СЕКТОР
Аграрлық сектор аудан экономикасының көшбасшысы саналады. Саланы дамытуға мейлінше жаңдай жасалуда. «Малдың жайын баққан біледі» дегендей, ауылдағы шаруашылықтың өркендеуі шаруалардың өнімді еңбегінің нәтижесінде болмақ. Мал жаю үшін төрт бағыт бойынша табындар анықталды.
Ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық-санитариялық өңдеуді қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы мақсатта ауылдың шетінде 2 мал қамайтын қоршау бар. Мал басын бірдейдендіру, барлық ветеринариялық-санитариялық және профилактикалық іс-шаралар орындалды. Бұл мал аураларының алдын алуға мүмкіндік береді.
2023 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша округте ірі қара мал 102,3 пайыз өсіммен 3893 басты, ұсақ мал 102,5 пайыз өсіммен 3031 басты құрады Жылқы 111,7 пайыз өсіммен 880 бас болса, шошқа 129,3 паййыз өсіммен 190 басты, құстар 178,1 пайыз өсіммен 4414 басты құрады.
Округте 22 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның ішінде 19 шаруашылық мал шаруашылығымен және шөп шабумен, 3 шаруашылық өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне «Лана» шаруа қожалығы ие. Бұл шаруа қожалығында асыл тұқымды 250 бас Қазақтың ақбас сиыры және «Ертай» шаруа қожалығында 539 бас қазақтың ақбас сиыры тұқымы бар ие.
Ауылдық округтің жер алқабының ауданы 35743 гектарды құрайды. Оның ішінде елді мекеннің жерлері 14484,3 гектар болса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 13795,2 гектар. Нақтырақ айтсақ, 43 гектары егістік жер, 212 гектар шабындық және 12852,3 гектар жайылымдық жерлер.
2022 жылға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу алаңы 2032,7 гектарды құрады.
БЮДЖЕТ
Бесқарағай ауылдық округінің бюджеті 2022 жылдың қорытындысы бойынша 170 млн. 235,7 мың теңгені құрады. Бюджеттің шығыс бөлігі 100 пайыз игеріліп, 170 млн. 235,7 мың теңгеге орындалды.
мемлекет дамуының маңызды бөлігінің бірі – салық. Салық түсімдерінің есебінен еліміздің қазынасы толығып отырады. Салық төлеу – әр азаматтың міндеті. Елімізде 40-тан астам салық түрі бар. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін былтыр салық міндеттемелері мен төлемдер біраз жеңілдеген еді. Округтегі 2022 жылғы салық түсімдері небәрі 30 551,1 мың теңгені құрайды.
Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Жыл санап ауылдық округке тартылар инвестиция ауқымы да артып келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2022 жылы 18 000,0 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 6000,0 мың теңге екенін ескерсек, биылғы өсім 300 пайызды құрайды.
2022 жылы 2847 шаршы метр тұрғын үй пайдалауға берілді.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты. Бұл мақсатта елімізде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек шеңберінде 50 отбасы жалпы сомасы 11 347, 9 мың теңге болатын шартты ақшалай көмек алса, 48 отбасы жалпы сомасы 2 450,4 мың теңге болатын тұрғын үй жәрдемақысын алды.
Округте 853 зейнеткер, 160 мүгедектігі бар жандар, 6 Ауған соғысының ардагері, 6 Чернобыль апатына қатысушы бар.
Ауылдық округтің ардагерлер кеңесі мен атқарушы билік өкілдері бірлесіп, мерекелерде зейнеткерлерге барып, құрмет көрсетуді әдетке айналдырған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қатысушыларға «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 28 адам оқытудан өтті, көп балалы және аз қамтылған отбасылар қатарындағы тұрғындарға 400 АЕК көлемінде 10 грант берілді, бұл 1 225,2 мың теңгені құрайды. Оның ішінде 10 грант жеке қосалқы шаруашылықты өсіруге бөлінді.
2022 жылы округ бойынша қоғамдық ақылы жұмыстарға 139 адам жіберілді. Оның ішінде 4 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
БІЛІМ ЖӘНЕ СПОРТ
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Бүгінгі оқушылар – егеменді елдің ертеңгі үміті, ата-бабамыз сан жылдар армандаған тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын ұрпақ жалғасы. Кемел келешегіміздің кепілі болар жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына мемлекетімізде барынша жағдай жасалуда. Ауылдық округте екі орта мектеп бар. Мектеп партасындағы 838 оқушыға 103 педагог білім беруде. Екі мектептегі білім сапасы 70 пайызды құрайды.
Қ.Рысқұлбеков орта мектебі Елистратов көшесіндегі қонақ үй ғимаратын теңгерімге алып, онда балаларға арналған мектеп-интернат ашылды.
Борас мектеп бала-бақшасында 135 бала бар, 6 балабақша тобы жұмыс істейді.
Сондай-ақ, ауылдық округ аумағындағы Бесқарағай колледжі күндізгі бөлімде 126 студентке білім беруде. Шәкірттерге 26 оқытушы білім беруде.
Дене шынықтыру мен спортты дамыту, салауатты өмір салты қағидаттарын насихаттау және енгізу мәселелері ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым мәселелердің бірі болып табылады.
Округте дене тәрбиесі бойынша оқу сабақтарын өткізу және дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын жүргізу үшін 5 спорт залы бар, оның ішінде екеуі жалпы білім беретін мектептерде, біреуі колледжде, біреуі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, біреуі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде.
МӘДЕНИЕТ
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады»,- деген сөздің жаны бар.
Округ аумағында аудандық мәдениет үйі, аудандық кітапхана, Достық үйі, Жастар ресурстық орталығы, тілдерді оқыту орталығы, шығармашылық үйі және өнер мектебі сынды жеті мәдениет мекемесі қызмет етіп тұр.
МЕДИЦИНА
Ұлт денсаулығының мәселесі мемлекеттік маңызды проблема санатына кіреді. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуға, әсіресе, ауылдық жерде медицина саласын нығайтуға тапсырма берді.
Округте 2022 жылы туу көрсеткіші 92 бала болса, өлім-жітім саны — 47. Бала өлімі бір жағдай, ана өлімі тіркелген жоқ. 2022 жылы туберкулезбен ауырғандардың 3 жағдайы тіркелді.
ШАҒЫН БИЗНЕС
Ауылды көркейту, ауыл кәсіпкерлігін дамыту ел экономикасын дамытудың бір жолы бомақ. Осы ретте ауыл шаруашылығын аяғынан тік тұрғызуға айтарлықтай жұмыстар жасалды. Мемлекет ауыл кәсіпкерлерін, жеке кәсіпкерлерді қолдауға көңіл бөлуде.
Шағын бизнес саласында Бесқарағай ауылдық округі бойынша 116 жеке кәсіпкер және 38 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. 32 азық-түлік дүкені, мейрамхана, караоке клубы, үш асхана, бір отбасылық үлгідегі монша, бір жиһаз және тұрмыстық техника сататын дүкен, үш дәріхана, бір ветеринарлық дәріхана, төрт шаштараз, бір фотосалон, екі автокөлікке техникалық қызмет көрсету станциясы және екі шиномонтаж цехы және үш жанармай құю станциялары халыққа қызмет көрсетуде. 2022 жылдың қыркүйек айында Сейфуллин көшесінде «Royal pub» караоке клубы, қараша айында «Kings Donner» донер орталығы, бір эко азық-түлік дүкені, бір техникалық қызмет көрсету станциясы және автокөлік жуу орталығы ашылды.
2023 жылы бұрынғы «Абай» дүкенінің ғимаратында нан-тоқаш өнімдерін сататын наубайхана мен дүкен ашу жоспарлануда.
АБАТТАНДЫРУ
Ауылды абаттандыру және санитарлық жағдайы жергілікті билік жұмысының маңызды бөлігі болып табылады. Ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше сенбіліктер ұйымдастырылып, аулалар мен көшелер қоқыстан тазартылды. Жаз маусымында «Жасыл Ел» жасағы гүлзарлар мен гүлзарлардағы шөптерді арамшөптерден тазартып, қоршауларды сырлау жұмыстарын жүргізді.
2022 жылдың мамыр айында 1203,0 мың теңге сомасына шамамен 750 шаршы метр гүлдер, Омбы-Майқапшағай тас жолының бойында 1500 пирамидалық терек көшеті отырғызылды. Сонымен бірге, Жабаев, Сейфуллин, Әуезов, Пушкин көшелерінде жалпы сомасы 3688,0 мың теңгеге 36 сәндік металл гүлзар, Жабаев, Әуезов, Сейфуллин, Пушкин көшелерінде 8301,8 мың теңгеге 52 жарық диодты консольдер орнатылды.
Омбы-Майқапшағай республикалық тас жолының бойында Мемлекеттік рәміздер түріндегі Елтаңба мен Тудың сәндік консольдері мен Әуезов көшесіндегі уақыты автоматты түрде реттелетін жарықтандырылған сағаты бар стелла орнатылғандығын да атап өтуге болады.
6414,4 мың теңге сомасына Западная көшесінде Бесқарағай ауданының елтаңбасы бар стелла орнатылды. Былтыр орнатылған металл сырғанақ, қоқыс жәшігі бар сәндік орындықтар орталық саябақ сәнін кіргізсе, 2023 жылы субұрқақ аумағында урналары бар он бірдей орындық орнату жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу үшін Жастар ресурстық орталығы ғимаратына қарама-қарсы 5 жабық металл дүңгіршек орнатылды.
ҚҰРЫЛЫС
Құрылыс индустриясының дамуы шаруашылықтың барлық саласымен тығыз байланысты. Бесқарағай ауданының тумасы, меценат К.Итемгеновтың демеушілігімен салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысы 2023 жылдың ортасында аяқталады деп жоспарлануда.
Жерлесіміз, меценат Б.Наурызбаев өз қаражаты есебінен Омбы-Майқапшағай күре жолының бойында ақын Нұрлыбек Баймұратовқа қоладан ескерткіш орнатып берді. Ескерткіш аумағы қоршалып, алаңға тас төселді, шырша көшеттері отырғызылып, көғалдандырылды.
Сондай-ақ, тұрғын үй қорын ұлғайту мақсатында 2022 Даманск ауданында 5 екі пәтерлі абаттандырылған үйдің құрылысы жүргізілді, 2023 жылы осы аумақта тағы 7 жаңа екі пәтерлі абаттандырылған үйдің құрылысы жоспарланып отыр.
ЖОЛ ЖӨНДЕУ
Бесқарағай ауылындағы Тәуелсіздік, Жабаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Әуезов көшесіне асфальттың тегістеу қабаты төселді. Мир, Западная көшелеріне асфальт төселді. Жергілікті бюджеттен Дастенов көшесі орташа жөнделсе, Қалтаев және Гоголь көшелерін орташа жөндеу жүргізу кезінде орталық су құбыры жүйесі люктерінің қақпақтарын ауыстыру және тегістеу және қажет болған жерлерде су өткізу құбырларын төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге асфальт жолдардағы шұңқырларды жөнделіп, кент ішіндегі асфальтталмаған жолдар тегістелді.
Соңғы 3 жылда кент ішінде жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы 14,1 шақырымды құрады. Кент ішіндегі барлық жолдардың жалпы ұзындығы 32,3 шақырым.
КӨШЕ ЖАРЫҒЫ
Көшені жарықтандыру – қауіпсіздік кепілі. Жыл санап ауылдық округ көшелері жарықтарндырылуда. 2022 жылы Рысқұлбеков, Строительная, Ломоносов, Желтоқсан, 40 лет Победы, Южная, Молдажанов, 8-Марта және Лесная көшелерінде көше жарығы орнатылды. Жалпы сомасы 15369,0 мың теңгеге жалпы ұзындығы 4500 метр көше жарықтандыруының 130 тірегі орнатылды. Соңғы екі жылда жалпы ұзындығы 8000 метр болатын 229 көше жарықтандыру тіректері орнатылған болатын.
ЖОСПАРЛАР МЕН МІНДЕТТЕР
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту – жергілікті билік алдындағы басты мақсат. Аудан әкімі Талғат Мұратовтың басшылығымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бесқарағай ауылының әкімі Ю.Слоницкийдің айтуынша, биыл бұл округте де атқарылатын шаруалар баршылық.
— 2023 жылы да жол жөндеу жұмыстары жалғаспақ. Жалпы ұзындығы 5000 метр жолдарды орташа жөндеу үшін 285 000,0 мың теңге сомасына облыстық бюджетке өтінім берілді. Қазіргі таңда жаңа үйлер салынған «Тәуелсіздік» шағын ауданындағы жолдарды жөндеуге 37000,0 мың теңге бөлінді. 2900,0 мың теңге сомасына ағымдағы жөндеу жүргізу, 7200,0 мың теңге сомасына көше жарығын орнату көзделіп отыр. Халықтың сұранысына байланысты Сейфуллин көшесіндегі тротуарды бөлшектеу және қолда бар материалдан Жабаев көшесінің қиылысынан «Томирис» кафесіне дейін Әуезов көшесіндегі тротуарды жабдықтау қолға алынбақ. Сонымен қоса, ақылы негізде маршруттық таксиді іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта маршрут әзірленді, жол жүру бағасы келісу сатысында. Осыған байланысты 2023 жылдың басында 3 автобус аялдамасы сатып алынып, орнатылды. «Мир» кафесінің жанында тағы бір аялдама орнату жоспарлануда,- деген Юрий Слоницкий балалар ойын алаңын орнатуға бюджеттік өтінім берілгендігін де айтты.
Сондай-ақ, округ әкімі ауылды көгалдандыру және басқа жұмыстар жалғасын табатындығын, биыл 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарланып отырғандығын да айтты.
Әйгерім ЖАҚЫП