БЕЙБІТ ӘЛЕМГЕ ҚОЛ СОЗҒАН ҚАЗАҚСТАН

Бесқарағай аудандық кітапханасында 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күніне орай   «Ядролық қарусыз Қазақстан» атты тарихи сағаты өтті. Ядролық қарудан бас тартқан еліміздің халықаралық аренадағы, ядролық полигонды жабудағы  рөлін насихаттау, жастардың бойында бейбітшілік, отансүйгіштік қасиеттерін нығайту мақсатында ұйымдастырылған шарада кітапханашылар оқырмандарға әлем аждаһасына айналған полигон және оның қасіреті жайлы баяндады.                                    

Кітапханашы Н.Уалиева Олжас Сүлейменовтың «Бандерлог аралы. Остров Бандерлогов» өлеңін мәнерлеп оқып, Е.Глазинская жастарға кітап көрмесіне шолу жасай отырып,  Семей ядролық полигонының құрылу тарихына, «Невада–Семей» антиядорлық қозғалысына тоқталып, Семей полигонының жабылуына көп еңбек сіңірген тұлғалар Олжас Сүлейменов пен Кешірім Бозтаев жайында айтып берді.

Деректерге сүйенсек, полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті. Бұдан кейінгі 25 жыл жер асты жарылысынан адамдар түрлі ауруларға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтындығы ғылыми негізде дәлелденген.

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауды ұйғарған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оның жетекшісі белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов болатын. Сол жылдың 6 тамызында КСРО және АҚШ президенттеріне Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі үндеу жолданды. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая түсті. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО үкіметі ядролық қаруды сынауға мораторий жасау туралы шешім шығарды. Ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевтың 1991 жылдың 29 тамызында қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды.

Биылғы жылы Семей полигонының жабылғанына 31 жыл толып отыр. Семей ядролық полигонының жабылуы бейбіт әлемге алғашқы қадам еді. Өңірімізде  диагностикалық, офтальмологиялық, балаларды қалпына келтіру, ананы қорғау, халықтық және дәстүрлі емес медицина орталықтары құрылды. 1991 жылы Қазақ радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл орталықтардың ашылуы халықты сауықтыруда және полигонның салдарын жоюда маңызды рөл атқарады.

Ұлт қасіретіне айналған полигон тарихы, зардаптары және ядросыз әлемге қол созған Қазақстан жайлы кеңінен ой өрбіткен шара ұйымдастырушылары антиядролық қозғалыс жетекшісі О.Сүлейменовтың қайраткерлігін паш ететін слайд көрсетті.

Іс-шара соңында жастар жерлесіміз, композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әнін, Хиросимадағы қайғылы оқиғаны еске алу үшін жазылған белгілі қазақ ақыны Серік Ақсұңқарұлының «Хиросима. 999 журавликов» өлеңін тыңдады. Жастар бейбітшілік пен тілектердің орындалуының символы, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жарылыстарға қарсы наразылықтың нышаны «тырналар» жасап,  шеберлік сыныбына қатысты.

Жиын қатысушылары: «Өткенімізді бағдарламай, келешекке қадам баса алмаймыз. Семей полигоны – халқымыздың басынан өткен үлкен нәубеттің бірі. Ешбір мемлекет әлем аждаһасымен бетпе-бет келмесін, мұндай қиыншылық көрмесін деп тілейміз. Бейбіт аспан астында баянды ғұмыр кешейік. Ел іргесі тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын»,- деген тілек айтты.

 

Ж. АЛПЫСПАЕВА,

аудандық кітапхана директоры

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай