300 емес, 600 орындық мектеп салынады

Өткен сенбіден облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев іссапармен Бесқарағай ауданына барды. Жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандар мен шаруашылықтарда болып, мәдениет үйінде тұрғындармен жүздесіп, аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Семей таңы»

Облыс басшысы жұмысымен танысқан алғашқы нысан – Борас мектеп-балабақшасы. 2002 жылы балабақша ретінде бой көтерген ғимарат орын тапшылығына байланысты 320 орындық мектеп ретінде қайта жабдықталған. Сөйтіп, екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған 135 орындық балабақша орналастырылса, екінші қабатында өткен жылы екі ауысыммен 398 оқушы білім алды. Сынып бөлмелері тапшылығы туындап тұрғанда  кластан тыс жұмыстар ұйымдастыру тіптен мүмкін еместігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан жаңа мектеп салу мәселесі күн тақырыбында тұр. Сондай-ақ 20 жыл бұрын іргетасы қаланған ғимараттың төбесінен су ағып, күрделі жөндеуді қажет етуде.

-Жаңа мектеп салу мәселесін бұған дейін де көтерген болатынбыз. Өздеріңіз куә болғандай, жыл басында ШҚО әкімі Даниал Ахметов мектептің жобалық-сметалық құжаты әзірленетіндігін айтқан. Алайда, жаңа облыс болып құрылғандығымызға байланысты барлық шараларды қайта қолға алуып жатырмыз,- деді аудандық білім бөлімінің басшысы Самат Омарғазин. 

Білім ошағы құрылысына арналған 2,1 гектар жер телімі дайын тұр. Тек жобалық сметалық құжат пен құрылыс қаржы күтіп тұр. Аудандағы бас ұстаздың айтуынша, жаңа мектеп тұрғызылса, бұрынғы мектеп ғимараты толықтай балабақшаға беріліп, 1-2 жас ясли топтар ашылып, мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші де арта түспек.

Сапары аясында Нұрлан Ұранхаев пайдалануға берілгеніне 8 жыл ғана болса да апатты жағдайда тұрған «Айналайын» балабақшасына барды. Аудан басшылығының айтуынша, нысан сазды жерге салынғандықтан, су көтеріліп, едендері төмен түсіп, қабырғалары әр жерден жарылған. Қайта қалпына келтіру үшін 72 млн теңге қаржыны қажет етіп тұрған бұл балабақшаның ашылуын 90 бүлдіршін  күтіп отыр. Айта кетсек, мердігер мекеменің кепілдік кезеңі 6 жыл бұрын аяқталыпты.

-Бесқарағай ауылының астынан су шығып жатқандықтан нысан едендері төмен түсіп, қабырғаларының сөгілуіне алып келді. 2020 жылы ғимараттың техникалық құрылысына талдау жасалды. Лицензиялық компанияның сараптамасын алдық, жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. 2021 жылдың соңында жобаны қорғап, Шығыс Қазақстан облысының бюжетінен 72 млн. теңге бөлінген. Абай облысының құрылуына байланысты ол қаржы кері қайтарылды,- деп атап өтті аудандық білім бөлімінің басшысы.

Сонымен бірге, аудандық мәдениет үйінде Бесқарағайдың киелі һәм шипалы жерлері,  ақындары мен батырлары, жеңістері мен жетістіктері таныстырылып, жергілікті шаруалардың таза табиғи өнімі ұсынылды.

490 шаруа қожалығы, 24 ЖШС, 8 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп тұрған астықты өлке ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қолайлы.

Таза, табиғи өнімімен жерлестерін ғана емес, аймақ халқын қамтамасыз етіп отырған «Балке» шаруа қожалығының басшысы Оралбек Тоқашев, тауарлы-сүт бағытында облыс тұрғындарын ақпен қамтып отырған «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының басшысы Марат Каликов өз өнімдерін таныстырды. «Asua Trade» ЖШС басшысы А.Ижанов экологиялық туризмді дамыту мақсатында  Шошқалы көлінің маңынан емдік санатори ашу жобасын тарныстырып, жергілікті билік инфрақұрылымдық мәселелерге қол ұшын созса деген өтінішін жеткізді.

Содан соң облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Баталов ағымдағы жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы есеп берді. Ол өз сөзінде аудан экономикасы оң динамикаға негізделгенін, мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар жобалар нәтижелі жүзеге асып жатқанын айтты.

 

Сөз алған Нұрлан Тельманұлы күре жолдыңбойында орналасқан, сап түзеген қарағайлы орманымен, тамылжыған бай табиғатымен  ерекшеленетін, береке-бірлігі жарасқан, көпұлтты аудан саналатын Бесқарағай ауызбіршілігінің арқасында әлі де талай жетістікке жететіндігіне сенім білдіріп, «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырды.

Жиында тұрғындар сауалы да тыңдалды. Сөз алған Башкөл ауылыныңашкөл ауылының  ата-аналары ауылдағы  мектпептің  орта мектеп статусынан айырылып, негізгі мектеп болуы қиыншылық тудырып тұрғанын айтты.

Мәселе төңірегінде пікір білдірген облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев мәселеге оқушы санының азаюы себеп болғанын, оқушы саны орта мектеп мемлекеттік стандартына сай келмейтіндігін айтса, аудан басшылығы оқушылар тасымалы, интернатқа орналастыру жайы қаралатынын айтты.

Тұрғындар сауалының дені жол, жарық, мемлекеттік бағдарламалар мен несие алу сынды өзекті мәселелерге бағытталды.

Кезекті кездесу Бесқарағай аудандық ауруханасында өтті. Аурухананың бас дәрігері Ерлан Саңқайбаевтың айтуынша, эпидемиологиялық ахуал тұрақты, жыл санап медициналық жабдықтау деңгейі артып, халық денсаулығын сақтауға мүмкіндіктер жасалып отыр. Тек нөсерлі күндері ғимарат төбесінен су ағатынын айтқан бас дәрігер шатыр мен терезелерді жаңарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге бюджеттен 6 млн.теңге бөлуді сұрады.

Облыс әкімінің сапары Бесқарағай колледжінде жалғасты. Жеті мамандық бойынша 73 студентке білім беріп жатқан колледж білім сапасы, студенттерінің жетістігі жөнінен алдыңғы қатарда. «Жақсыны көрмекке» демекші, игі бастамаларымен таныстырған колледж директоры Раим Нұрғалиев аспаз даярлау сыныбына құны 29,4 млн.болатын жаңа құрылғы алуға қаржы қарастыруды сұрады.

Нұрлан Тельманұлының Бесқарағай ауданына сапары Қарағайлы ауылындағы «BA AgroGrup» ЖШС-нде жалғасты. Егін шаруашылығына негіздеген серіктестік 17,2 мың гектар дәнді және майлы дақылдар егіп, шаруасын шалқытып отыр. Жыл санап техникасын жаңартып жатқан үлкен серіктестік өткен жылы тұқым кептіргіш орнатса, биыл жұмысшылар үшін жатақхана тұрғызып жатыр. Ауданға тартылған инвестицияның жатрысына жуығы осы серіктестікке тиесілі.

Басты мәселелері – жер мәселесі. Егіс алқабын арттыруға ниет болғанымен жер тапшылығы қысып тұрғандығын тілге тиек еткен «BA AgroGrup» басшылығы мәселені шешіп беруді сұрады. Сауалға жауап берген облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Анзор Абаев пайдаланылмаған және мақсатсыз пайдаланылған жерлер анықталып жатқандығын, ол мемлекет меншігіне қайтарылып, конкурстық негізде қайта пайдалануға берілетіндігін мәлімдеді.

Нұрлан Тельманұлы ат басын бұрған соңғы нысан – Жыландыдағы 100 орындық мектеп. Ерте көктемде құрылысы басталған мектептің шатыры жабылып, жөндеу жұмыстары аяқталуға шақ қалған. 1 қыркүйекте пайлалануға берілетін білім ошағын «ЕвроТехСтрой-2003» мердігер мекемесі өз қаражатына салып жатыр. Құрылыс аяқталған соң құны 500 млн. теңге болатын нысан мемлекет меншігіне сатып алынады. Қазіргі таңда электр тоғын тарту мәселесі туындап тұр. Мердігер мекеме басшысы Д.Халықов қажетті 38 млн. теңгені бөліп, жарық мәселесін шешіп беруді сұрады.

Жұмыс күнін қорытындылаған облыс әкімі Н.Ұранхаев:

-Бүгінгі сапар аясында Бесқарағай ауданының бірқатар әлеуметтік нысандарында болып, жұмыстарымен таныстым. 300 орындық мектеп салуға өтініш білдірілді, алайда  мектеп пен балабақшаға барған соң 2024 жылы 300 емес, 600 орындық мектеп салу қажет деп шештім.  Бұрынғы мектеп ғимараты балабақшаға беріледі. Ал «Айналайын» балабақшасын жөндеу жұмыстарына 2023 жылы қаржы бөлінетін болады. Сонымен бірге, Бесқарағай күре жолдың бойында орналасқан. Ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы аудан. Шаруаларға да мемлекеттік бағдарламалар игілігін көруге жол ашу керек. Тамылжыған табиғаттың мүмкіншілігін пайдаланып, туризмді дамытуға ниеттеніп отырған кәсіпкерлерді барынша қолдап, инфрақұрылымды дамытуға қол ұшын созатын боламыз. Тағы бір мәселе, аудандық аурухана шатырына қажетті қаржы да бөлінеді,- деп атап өтіп, мемлекет басшысының тапсырасын орындау мақсатында, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында әлі көптеген жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.

Осылайша, облыс басшысының Бесқарағайға сапары сәтті өтіп, жергілікті тұрғындар жаңа облысымыздың өркендеуіне тілектестік білдіріп, Нұрлан Тельманұлының жұмысына жетістіктер тіледі.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай