Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында аудан орталығы Бесқарағай ауылында жаңа нысан – Батырлар аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы шекарамызды, тәуелсіздігімізді қорғап, азаттық жолында жанын қиып, қанын төкті. Ұлы Отан соғысы жылдары ұрыстарда да, тылда да ерен ерлік көрсетті. Жеңіске жерлестеріміз де зор үлес қосып, майдан даласында ерлікпен шайқасты. Бесқарағай ауылының тумалары, майдангер жерлестеріміз жоғары ордендермен, медальдармен марапатталды. Олардың есімдері қаза тапқан соғыс ардагерлеріне арналған жаңа ескерткіш тақтаға жазылды. «1941-1945 жылдары Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырлар – жерлестерге мәңгілік даңқ» атты ескі монументте Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 251 жерлесіміздің ғана есімі жазылған болатын. Ескерткіш тақтаны қалпына келтіруге дайындық жұмыстары барысында соғыстан оралмаған, бұрынғы ескерткіште тіркелмеген жерлестеріміздің есімдері анықталды. Аудан орталығының ақсақалдары мен белсенділерінің қатысуымен тізімді кеңейту туралы шешім қабылданып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі» РМУ деректері негізінде жаңа ескерткіште бұрын қолданылған деректер сақталып, тізімге енбеген 95 жерлесіміздің есімі қосылды. Жалпы, Ұлы Отан соғысында ұрыстардан оралмаған 346 жауынгердің аты жөні жазылды.
Аллеяда белгісіз жауынгерге ескерткіш орнатылған. Үш жерлесіміз, Кеңес Одағының Батырлары, соғыс қаһармандары, ержүрек майдангерлер — Махмет Қайырбаев, Сергей Алексеевич Елистратов, Иван Ильич, сондай-ақ үш Социалистік Еңбек Ері – Кажен Жыңғылбаев, Еши Қонақов, Иван Шевцовтің кеуде мүсіндері орнатылды. Ал Ауғанстан соғысына қатысқан жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткіште «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегерлері — Қалел Қалтаев, Иван Диц, Қайрат Нұртазин, Николай Белякин есімдері жазылған.
— Құрметті жерлестер, бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының даңқты батырлары, ауған соғысына қатысқан жауынгер ардагерлеріміздің құрметіне орай салтанатты түрде «Батырлар аллеясын» ашып отырмыз. Батырлардың есімдерін өскелең ұрпаққа үлгі ету, жастарымыздың бойына еліне, жеріне деген патриоттық сезім ұялату — біздің басты мақсатымыз. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Баршаларыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін,- деді аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров.