Қарағайлы өлкеде баспана құрылысы басталып, аудан орталығында екі пәтерлі 10 үйдің іргетасы қаланды.
Тұрғын үй құрылысы мердігерлер Жұлдыз Қабдрахимова мен Анар Қасымованың жеке қаражаты есебінен жүргізілуде. Құрылысы аяқталған соң үйлер кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған жанұяларға берілмек. Баспанамен қоса қосалқы шаруашылық, бау-бақша үшін 0,1 гектар жер де қарастырылыпты.
Мердігерлердің айтуынша, қазіргі таңда нысанда 5-6 адам құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындар арасынан шамамен 20-30 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл баспаналардың құрылысы тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қасиетті Рамазан айында мердігер мекеменің қайырымдылық мақсатында мал сойып, етін былтыр баспаналы болған көпбалалы отбасыларға үлестіріп бергендігі көңілге қуаныш ұялатты.
Айта кетсек, өткен жылы ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен екі пәтерлі 18 үй кезекте тұрған көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген болатын.
Ербол ЕРЕНҰЛЫ