АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ БІР ТІРЕГІ – ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР

Өткен аптада Бесқарағай аудандық Мәдениет үйінің мәжіліс залында «Үкіметтік емес ұйымдар — әлеуметтік мәселелерді шешудің кілті» атты аудандық семинар өтті. Аудандық әкімдіктің бастамасымен ұйымдастырылған семинарға аудан басшылығы, халықты жұмыспен қамту орталығының, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің, «Ауылдық ҮЕҰ арналған «Бірлік» ресурстық орталығы» қоғамдық  қорының басшылығы қатысты.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,

«Семей таңы»

Семинар жұмысына Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Б.Баталов, «AMANAT» партиясы аумақтық филиалының атқарушы хатшысы Б.Омаров, «Ауылдық ҮЕҰ арналған «Бірлік» ресурстық орталығы» қоғамдық  қорының басшы Сақан Аубакирова, Бесқарағай ауданының құрметті азаматы Т.Глазинский және ауылдық округ әкімдері, мекемелер мен ұйымдардың мамандары, жұмыссыздар, көп балалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, АӘК алушылар, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар, сондай-ақ Бесқарағай колледжінің студенттері қатысты.

Семинар барысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар беру, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы, «Ауылдық үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Бірлік»  ресурстық орталық» қоғамдық қорының, мемлекеттік гранттарды қарау жөніндегі аудандық комиссияның жұмысы туралы айтылып, ауылдық округте бизнесті дамыту жолдары талқыланды. Сонымен бірге жұмыссыздарға бос жұмыс орындары ұсынылды.

Атқарушы билік пен халықтың ортақ мүдде жолында ықпалдасуында қоғамдағы азаматтық белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде, белгілі ұйымдар аясында бірлескен іс-қимылының маңызы жоғары. Өйткені бұл ортақ әрекеттер елдегі азаматтық қоғамның дамуына жол ашады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігіне тоқталған болатын. Аудан әкімінің орынбасары Б.Баталов өз сөзінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы тиімді ынтымақтастықтың бірегей тетігі болып табылатын үкіметтік емес сектордың маңыздылығын атап өтті. Семинар аясында азаматтық сектормен, халықты жұмыспен қамту орталығының директорымен, ауылдық округ әкімдерімен өзара іс-қимылды күшейту және ауданның өркендеуі үшін үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын жан-жақты қолдау қажеттілігі туралы сөз болды. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар жайлы мол ақпарат айтылды. Соның бірі – «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы. Бұл — Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында «AMANAT» партиясы жанынан қолға алынған бастама. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын барынша аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Жоба шеңберінде ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтары мен аграрлық бизнестерін дамытуға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген заем беріледі, кооператив құруда және лизингке техника рәсімдеуде қолдау көрсетіледі.

— Бүгінгі семинардың берері мол. Мемлекеттік жобалар жайлы ақпарат алдық. Жұмыссыз жандарға бос жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен бірге әлеуметтік саладағы жаңалықтар мен мүмкіндіктер жайлы тың мәліметтерге қанықтық. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік проблемаларды шешудегі рөлі жөнінде де айтылды, — деді аудандық достық үйінің директоры Ирина Калтаева.

Шара соңында аудандық мәдениет үйі әртістері өнер көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай