АУЫЛДАРДАҒЫ СЕНБІЛІКТЕР

Қазан айынан бастап республика бойынша «Табиғатта қоқыс жоқ» жалпыұлттық акциясы басталып, еліміздің әр өңірі мен қаласында өтіп жатыр. Бесқарағай ауданы да бұл акциядан қалыс қалған жоқ.

Аудандағы Малая Владимировка ауылдық округі «Табиғатта қоқыс жоқ» жалпыұлттық акциясына белсенді қатысты. Әкімдік және пошта қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, ауылдық округ тұрғындары арнайы бөлінген жерге 36 тонна қоқыс жинап, шығарды. Қоқысты шығаруға «Ромадан» және «Андрей-1» шаруа қожалықтары техника ұсынды.

Аталған акция аясында 7 қазан күні Баскөл ауылдық округінің ұйымдары мен мекемелерінің қызметкерлері – жиыны 70 адам сенбілікке шығып, ауылдық округ әкімдігі ғимаратының, орталық саябақтың, Мәдениет үйінің, Н.Баймұратов атындағы орта мектептің, Башкөл мектебінің, балалар және футбол алаңдарының аумақтарын қоқыстан тазартты. Акция барысында барлығы 1,5 тонна қоқыс жиналды.

Жалпыұлттық акция Қарабас ауылында жалғасты.  Нәтижесінде 43 текше метр қоқыс арнайы полигонға шығарылып,  ауылішілік жолдарының шетіндегі шөптер орылды. Тұрғындар өз аулаларының маңын, ал дербес мекемелер мен кәсіпкерлік нысандар ғимараттарының ауласын тазалады. Әсіресе мектеп  ұжымдары белсенді атсалысты.

 

«ББ»-ақпарат

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай