23 қыркүйек күні Өндіріс орта мектебінде аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Тайғожинаның бастамасымен ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» тақырыбында аудандық дөңгелек үстел өтті.
Бар ғұмырын елінің егемендігі үшін күресумен өткізген дана, дара тұлға, ақын, аудармашы, ғалым, ағартушы-педагог, түркітанушы, әдебиет зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлының болашақ ұрпақ үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінгі күні қолданылып жүрген сөз таптары, септіктер, тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелер, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа, қыстырма сөз сияқты атауларды ойлап тауып, тіл ғылымын бір ізге салған да осы ұлт ұстазы еді.
Көрген қиындығына, мехнатына қарамастан ешбір қаймықпаған, ғұмырын қуғын-сүргінде жүріп өткізген, абақтыда жатып азап шексе де, ұйықтап жатқан қазақты жарқын болашаққа бастауды мақсат еткен қайраткерАхмет Байтұрсынұлы – қазақтың бағына біткен тәңірдің тартуы.
Аудан мектептерінен келген 30-ға жуық әріптесіміз шара барысында қазақы дәстүрмен жайылған дастарханда ауылымыздың тәтті дәмінен ауыз тиіп, ұлт ұстазының құрметіне ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Мерекелік бағдарлама мектеп директоры Жұмат Сеилхановтың орындауындағы әнмен шымылдығын түріп, ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрініспен, кішкене балақандардың балдай тілімен оқыған ақын өлеңдерімен, 11-сынып оқушысы Шырайлым Молдахметованың арнауымен, сұлу қыздарымыздың тамаша биімен сабақтасты. Дөңгелек үстел барысында өрелі ой айтылып, А.Байтұрсыновтың шығармашылық әлемі әспеттелді. тамашалап, дөңгелек үстел барысында өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінгі ұрпақ осы Байтұрсынов салған сара жолмен жүріп, Отан алдында адал болсақ, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз!
Н.КАБЗУЛДИНА,
Өндіріс орта мектебі,
«Біздің Бесқарағай» газетінің штаттан тыс тілшісі