Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров алғашқы жұмыс аптасында ауылдық округтерді аралап, жергілікті тұрғындармен тілдесті әрі кезек күттірмей шешілуі тиіс көкейтесті мәселелерді анықтады.
16 маусым күні Жарқынбек Борашұлы аудан орталығы Бесқарағай ауылдық округінің тұрмыс-тіршілігімен танысу және әлеуметтік нысандардың жай күйін білу мақсатында аудан орталығын аралады. Хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған орталық саябақта болып, абаттандыру жұмыстарымен танысты әрі көшелердің жарықтандырылуына да зер салды. Ауыл ажарын арттыру қажеттігін тілге тиек еткен өңір басшысы абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, саябақ қоршауларын қалыпқа келтіру жөнінде округ әкіміне, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ, дәл осы күні аудан әкімі білім ордалары мен орталық ауруханада, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалында, Бесқарағай колледжі мен мектеп интернатында болды. Сонымен бірге, аумақтық орталық, аудандық мәдениет үйі, балалар жасөспірімдер спорт мектебі, орталық кітапхана мен достық үйі, жастар орталығы сынды бірқатар мекемелер мен ұйымдарың жұмыс барысымен танысып, шешім табуы керек мәселелер жөнінде жауапты мамандарға тапсырма берді.
— Халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Халыққы қолайлы жағдай жасау мақсатында аумақтық орталықтағы балалар алаңы мен автобекет ғимаратының жөндеу жұмыстарын толықтай аяқтап, қолданысқа енгізуге,
Мәдениет үйі мен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді, айтылған ескертулерді дер кезінде жоюды мекеме басшыларына тапсырдым. Сонымен қоса, ауданда су құбыры бойынша басты мәселенің туындап отырғаны белгілі болды. Су мәселесі өзекті болғандықтан, мән-жайды толық анықтап, шешу жолдарын қарастырамын,- деді Жарқынбек Байсабыров.
Өзге аудандардағы сияқты, Бесқарағай ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. 17 маусым күні аудан басшысы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында, облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Жеке инвесторларға қолдау көрсете отырып, инженерлік құрылымдарды тартып тартып беруді көздейтін бағдарлама арқылы 2 пәтерлі 12 тұрғын тұрғызылмақ. «Құрылысшыларға қойылатын басты талап — құрылыс жұмыстарын сапалы орындау»,- деп қадап айтқан Жарқынбек Борашұлы жаңадан салынып жатқан үйлер аумағындағы жол мәселесін шешуге ауылдық округ әкіміне сметалық құжаттарды дайындау жөнінде тапсырма берді.
Жұма күні аудан орталығының ішкі тыныс-тіршілігін бақылап, халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарды аралаған өңір басшысы келесі ретте ауылдық округтердің әл-ауқатына назар аударды. 21 маусым күні жұмыс кестесіне сәйкес Канонерка, Қара-Мырза, Жыланды ауылдарына барды.
-Білім ошақтарында оқу жылына дайындық процесі қалыпты жүргізілуде. Сонымен қатар ауылдық клуб, дәрігерлік амбулатория, «Семей орманы» резерваттарының жұмысына көз жүгіртіп, ормандардағы өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу шараларын жүргізу барысымен де таныстым. Ауылдардағы әлеуметтік нысандардың маңын, саябақтарды абаттандыруды, тұрғын үйлердің маңайында тазалық шараларын ұйымдастыру арқылы ауыл ажарын арттыруды тапсырдым. Жұмыс барысында байқалған кемшіліктерді жоюға округ әкіміне, сала басшыларына нақты тапсырма жүктедім. Сонымен қатар Жыланды ауылындағы апатты жағдайдағы мектеп мәселесі бойынша, ескі білім ордасының жай күйімен таныстым,- деп аудан басшысы әлеуметтік желіде сапары жайлы баяндады.
Аудан әкімінің жұмыс аптасы 22 маусым күні Старая Крепость, Стеклянка, Глуховка, Бірлік, Белакаменка ауылдарында жалғасты. Округ аумағындағы әлеуметтік нысандар жұмысына қаныққан соң, осы өңірдегі шаруа қожалықтарына барып, басшыларымен кездесті. Сонымен қоса, ауылдың жергілікті қауымдастық мүшелерімен де жүздесіп, ұсыныс, пікірлерін, проблемалық сұрақтарын тыңдап, назарға алды.
Глуховка ауылына су құбырларын тарту бойынша ТОО «QazConstructions» компаниясының мердігерлерімен жүздесіп, жұмыс кестеге сәйкес және тиісті деңгейде жүргізілуі керектігін баса айтты. Ал 23 маусымда бақшасын баптап, егінге ерекше көңіл бөлетін Кіші-Владимировка, Бозтал, Бұқабай, Башкөл, Қарағайлы ауылдарында болды. Сапары барысында еңбекші халықпен, шаруа қожалықтары басшыларымен, орманшылармен дидарласты. Төрт түлігін түлетіп, өнімін арттырып отырған шаруалармен әңгіме ауаны жұқпалы және өзге де аурулардың алдын алуға бағытталса, орманшылармен қылқанжапырақты қорғау, ормандағы өрт қауіпсіздігін сақтауды жіті назарға алу мәселелері айтылды.
Сонымен бірге, Қарағайлы ауылының тумасы, айтыскер ақын Нұрлыбек Баймұратұлының мұражайын аралап, ақынның өмір жолы жайлы деректерге көз жүгіртіп, Қарағайлы және Кіші-Владимировка ауылдарының қоғамдық мүшелерімен жүздесіп, пайым-пікірлерін тыңдады. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданға ауқымды инвестиция әкеліп отырған ЖШС «BI AgroGroup» компаниясының басшыларымен кездесдің де сәті түсіп, атқарып жатқан жұмыстарына куә болды.
-Ел дамуы мен оның экономикалық көрсеткішінің негізгі факторы – Адам капиталы. Мемлекеттің басты құндылығы да дені сау, бәсекеге қабілетті қазақстандықтар болмақ. Қалыпты өмірге қайта оралуымыз үшін екпе алудың маңызы зор,- деген Жарқынбек Байсабыров бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі вакцинация екендігін тағы бір мәрте еске салды.
Аудан әкімінің округтерге сапары әрмен қарай кесте бойынша жалғаса бермек.