Аудан басшысы ауылдарды аралады

Бесқарағай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров осы аптада жұмыс сапарымен бірқатар ауылдық округтерде болды.

Аудан әкімі сапарын Ерназар ауылдық округінің Ерназар және Қоянбай ауылдарынан бастады. Аудан басшысы ең алдымен мектептерді аралап, қазандықтардың жылу маусымына дайындығын тексеріп, мектеп басшылығына барлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.

Осыдан соң Ерназар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның және Қоянбай ауылдағы медициналық пунктің жұмысымен танысып, медицина қызметкерлеріне ауыл тұрғындарын вирусты жұқтыру қаупінен сақтандыруды, вакцинациялауды белсенді жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ «Мукинов» шаруа қожалығында салынып жатқан мал бордақылау алаңын көрді. Одан әрі Қоянбай ауылындағы шекара бақылау бөліміне, орман шаруашылығына барып, су мұнарасын қарап шықты.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары да сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Әкімнің сапары Жетіжар ауылдық округіндегі Жетіжар, Храчи, Кривинка ауылдарында жалғасты. Бұл жерде аудан басшысы әлеуметтік нысандарға, білім беру мекемелеріне, дәрігерлік амбулатория ғимаратына барды. Жергілікті дәрігерлердің дайындығын, дәрі -дәрмектер мен бір реттік қорғаныс құралдарының жеткізілуін тексеріп, шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Сапар барысында Жарқынбек Байсабыров тиісті бөлім басшыларына медициналық орталықтың жылу жүйесін және Кривинка ауылындағы су құбыры желілерін жөндеу мәселесін қарауды тапсырды. Сонымен қатар Жетіжар ауылындағы балаларға шағын орталық ашу туралы ұсыныс айтып, Кривинка ауылында көктемде су басуы мүмкін аумақтарды қарауды тапсырды.

Іссапар соңында ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлерімен кездесіп, хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша кеңес өткізді, тапсырмаларды уақытында орындауды жүктеді.

Жарқынбек Борашұлы жұмыс сапарын Глуховка ауылдық округінде жалғастырды. Әлеуметтік нысандарды, Семей орманы резерваттарын аралап, ауылдардағы білім ошақтарының жылыту маусымына дайындық жұмыстарының қалыпты екендігіне көз жеткізді. Сондай-ақ ауылдардағы медициналық орталықтардың жұмыс барысымен танысып, вакцинациялау жұмыстарын белсенді жүргізу керектігін айтты. Глуховка ауылына су құбырларын тарту бойынша ТОО «QazConstructions» компаниясының мердігерлерімен жүздесіп, анықталған кемшіліктерге сәйкес жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілуін талап етті.

Сапар соңында Глуховка ауылдық округі әкімі апаратының қызметкерлерімен жүздесіп, берілген хаттамалық тапсырмаладың орындалуы бойынша жиын өткізді.

Өңір басшысы келесі күні Кононерка ауылдық округіне, Долон, Мостик, Черемушка, Бөдене ауылдарында барып, әлеуметтік нысандардың, білім ордаларының, шаруа қожалықтарының, медицина амбулаторияларының жай-күйімен танысты.

Сапар барысында Мостик ауылының дәрігерлік амбулатория ғимарытына жөндеу жұмыстарын және су құбырын тарту бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Санымен қатар Ертістің оң жағалауында орналасқан Бөдене орта мектебіндегі 3- ші қабаттың және мектеп жанынан ашылатын балаларға арналған шағын орталықтың жөндеу жұмыстарын сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды.

 

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай