«Ахау – Семей» ансамблінің тартуы

Биыл Бесқарағай ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Аудан әкімі Талғат Мұратовтың тапсырмасына орай «Бірлігі жарасқан – Бесқарағай» ұранымен мерекелік іс-шаралар бастау алды.
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Семей қаласынының «Ахау – Семей» халықтық салт-дәстүр ансамблінің мерейтойлық концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.
-Баршаңызға мәлім, биыл ғажап киесі, құдіреттің иесі, талай сұңқар түлеткен, жүз жырауы жыр төккен, толқыны мен топырағына кие дарыған Бесқарағай ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр.  Осынау торқалы тойымыздың бастауы ретінде бүгін ауданымызға Семей қаласынының «Ахау – Семей» халықтық салт-дәстүр ансамблі мерейтойлық концертімен келді. Облыс халқын өрелі өнерімен сусындатып, рухани қазыналарын толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруға үлес қосып жүрген ұжымға шығармашылық табыс тілеймін,- деді Талғат Батырұлы.

Іс-шара барысында «Ахау – Семей» ансамблі өз өнерлерін көрсетіп, аудан халқының рухын асқақтатты. Ансамбль мүшелері де аудан басшылығына риясыз ризашылықтарын, ақжарма тілектерін айтып, ақсақалдар бата берді.

Дүйсенбі күні Бесқарағай ауданына жұмыс сапарымен Абай облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Мұқатаев келді.

Жәнібек Қайратұлы бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының шарттарын түсіндіру бойынша семинар-кеңес өткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Алмас Тәнібекұлының төрағалығымен өткен жиында жұмыспен қамту, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды. Семинар-кеңеске өңірдің шағын және орта бизнес саласының өкілдері, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Сонымен бірге, шараға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» акционерлік қоғамының менеджері Сәкен Дәулетұлы, Абай облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жеке кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы Әділет Исламов, Бесқарағай ауданының «Халық банкі» акционерлік қоғамының директоры Бауыржан Азилькияшев қатысты.
Семинар-кеңес барысында шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Қойылған сұрақтарға қатысты ақпарат берушілер несиелендіру мақсатында мемлекет тарапынан берілетін гранттар, субсидиялар, кепілдіктер, несиелер жөнінде және цифрлық кепілдік туралы түсіндірулер жүргізіп, ақпарат берді.

«ББ»-ақпарат

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай