Облыс аумағында көктемгі әскерге шақыру 1 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғаспақ.
Осы уақыт аралығында әскер қатарына 580 жас сарбаз қабылданбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нығмет Ахметұлы мәлімдеді.
-Биылғы көктемде Абай облысынан 580-нен астам азамат әскерге шақырылады. Оның ішінде Қарулы күштер қатарына — 250, Ұлттық ұланға — 200, ҰҚК Шекара қызметіне — 110, Мемлекеттік күзет қызметіне — 6 және Төтенше жағдайлар қызметіне 15 бозбала алынбақ, — деді спикер.
Әскерге шақыру комиссияларымен нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізілді.
Баспасөз мәслихаты барысында Нығмет Ахметұлы да әскери қызметкерлердің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап, олардың қызметке белсене қатысуының маңыздылығына тоқталды.
-Қазір әскерге шақырылғандар кредиттік демалыс алып, әскери-есептік мамандықтар бойынша білім алуда. Еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға қосымша жеңілдіктер жасау туралы келісім жасасқан. 2024 жылы осы санаттағы азаматтарға 5 мың мемлекеттік білім грантын, сондай-ақ шәкіртақы мен жатақханада тұрудың басым құқығын беру жоспарлануда, — деп атап өтті департамент басшысы.