21 МАМАН БІЛІМ АЛЫП ЖАТЫР

Жыл сайын Бесқарағай аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген жүзге жуық тұрғын қысқа мерзімді курстар бойынша оқытудан және қайта оқытудан өтеді. Ағымдағы жылы ветеринарлық басқарманың өтінімі  бойынша Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің Шәкәрім агротехникалық жоғары колледжінің базасында ветеринариялық санитар мамандығы бойынша 21 адам оқып жатыр.

 

Жуырда Бесқарағай ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры  Алуа Құрманғалиева мен «Бесқарағай-ВЕТ»  ветеринарлық инспекция басшысы Ербол Абдрахмановпен бірге білім ордасына барып, практикалық жұмысқа қатысты.

 

— Бүгінгі таңда біздің колледжде ветеринарлық санитарлар үшін хирургия тақырыбы бойынша практикалық жұмыс жүргізілуде. Ветеринарлық санитар мамандығы бойынша қысқа мерзімді курстарда оқып жатқан білім алушылар барлық қажетті ветеринарлық дағдыларды меңгеріп, егу, тексеру, және басқа да көптеген шараларды үйренеді,- дейді колледж директоры  Айжан Оразбаева.

Бесқарағай ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Алуа Какуашқызының  пікірне сүйенсек, оқу курсында лайықты білім берілуде.

-Ағымдағы жылы ветеринарлық басқарманың өтінімі бойынша бұл колледжде 21 адамнан тұратын ветеринарлық санитарлар тобы оқытылуда. Практикалық жұмысты бақылай отырып, біз студенттеріміздің жақсы білім мен дағдыларды алатынына көз жеткіздік. Қазіргі уақытта ауданда ең сұранысқа ие мамандықтар – математика, ағылшын тілі мұғалімдері, медицина қызметкерлері: кардиолог, дерматолог, окулист, лор және эпидемиолог дәрігерлер, сондай-ақ ветеринариялық дәрігерлерге бос орындар бар. Болашақта басқа мамандықтарды оқыту үшін Шәкәрім КЕАҚ колледжімен ынтымақтастығымызды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Алуа Құрманғалиева.


Ербол Абдрахманов айтқандай, ауданда 20 ветеринарлық дәрігер, 8 фельдшер, 18 ветеринарлық санитар жұмыс істейді. Жалпы 46 ветеринарлық-санитарлық дәрігер қажет. Жыл сайын ауданда мал басы өсуіне байланысты ауданда мал дәрігерлеріне деген сұраныстың артуы заңды құбылыс.

– Тәжірибелік сабақтарда мен өзім үшін белгілі бір дағдыларды үйрендім. Қысқа мерзімді курстарда оқуға мүмкіндік бар екеніне қуаныштымын. Мұндай мүмкіндік сыйлаған жұмыспен қамту орталығына және «Бесқарағай-ВЕТ» инспекциясына алғыс білдіргім келеді, — деді Мұрат Сәрсенов.

Қысқа мерзімді курстан өткен білім алушылар бірден тұрақты жұмыспен қамтылып, қарағайлы өлкенің аграрлық секторының дамуына үлес қоспақ.

Ә.ЖАҚЫП

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай