Тұрғындармен жүздесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы халық пен билік арасын жақындастыра түскені рас. Президент тапсырмасына орай Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов тоқсан сайын әрбір ауылдық округте болып, ашық диалог форматында тұрғындармен кездесу өткізуді әдетке айналдырған. Өткен аптадан бастап ауылдық округтерде тоқсандық кездесуін өткізген аудан әкімі  тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып, көкейкесті мәселелеріне құлақ түрді.

Ауданда 24 елдімекен болса, есептік кездесудің алғашқы аптасында аудан әкімі Қарабаш, Қара-Мырза, Канонерка Жыланды, Старая-Крепость, Стеклянка, Глуховка, Бірлік, Белокаменка,  Грачи, Лесной, Жетіжар, Кривинка, Малая-Владимировка, Бозтал, Долон, Мостик, Бөдене сынды  17 елдімекенде болды. Кездесудің барлығында дерлік Талғат Батырұлы нақты көрсеткіш пен атқарылған жұмыстан тұратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталды. Негізгі басымдық азаматтарды мазалаған сауалдарға берілді. Яғни жүздесулер «сұрақ-жауап» форматында ұйымдастырылды.

-Кездесулерде көтерілген қоғамдық мәселелер ашық диалог форматында, сол жерде талқыланды. Ал жеке мәселесі бойынша келген тұрғындарға жеке қабылдау өткіздім.

Жалпы осындай ашық диалог арқылы ауданда туындаған әрбір мәселені кеңінен талқылауға мүмкіндік аламыз,- деді Талғат Батырұлы.

Жиындарға округ тұрғындары, қоғам белсенділері, дербес бөлім басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Кездесулер барысында Т.Мұратов аудан экономикасы дамуының жалпы динамикасы бойынша 2022 жылдың қортындысын баяндап, әр сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен бірге, жұмыспен қамту, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік салаларындағы мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері мен халыққа көрсетілетін қызметтер жайлы кеңінен айтылды.

Тарих қойнауына кеткен жыл Бесқарағай ауданы үшін жетістікке толы жыл болғандығын тілге тиек еткен Т.Мұратов есепте емес, ел есінде қалатын істерді тілге тиек етті әрі биылғы жоспарлармен бөлісті.

Белгілі болғандай, 2023 жылы Ерназар, Жетіжар, Бесқарағай ауылдарында су құбыры желілері орнатылады. Сонымен қоса, Кривинка, Баскөл, Канонерка, Бозтал, Малая-Владимировка ауылдарының су құбыры желілерін қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Ал Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп пен жүзу бассейні салынбақ.

Сонымен бірге, Өндіріс, Жыланды, Қарабас ауылдарының кіреберіс жолдары мен Куликов, Қамыстыкөл көлдерінің жағалауында ұзындығы 450 метр қорғаныс бөгеті жөнделеді. Ауданның Беген, Өндіріс, Қоянбай, Долон, Бөдене, Жетіжар ауылдарында ауылдық клубтар салынады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым бойынша 7 жоба жүзеге асырылмақ.

— 2023 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланып отырған жобалар жүйелі жүзеге асса, аудан тұрғындарының талай жылдардан бері шешілмей жүрген өзекті мәселелері шешімін табатын болады»,- деп атап өтті Талғат Батырұлы.

«Сұрақ-жауап» форматында өткен жүздесулерде ауыл тұрғындары тарапынан жер, ауыз су, медициналық көмек көрсету, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру мәселелері бойынша сұрақтар көтерілді. Аудан басшысы сауалдардың барлығына дерлік жауап беріп, жүйелі түрде қарастыруды талап ететін мәселелерді тиісті сала басшыларына тапсырды.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай